Главная страница
Контакты

    Главная страница


Шәмші – қазақ әнінің падишасы

Скачать 28.88 Kb.



Скачать 28.88 Kb.
Дата03.04.2017
Размер28.88 Kb.

Шәмші – қазақ әнінің падишасы


«Шәмші – қазақ әнінің падишасы»

ән кеші

М.С.Утенова

Қызылжар негізгі ЖББМ

Мақсаты:

а/білімділік: Ш.Қалдаяқовтың сазгерлік шығармашылығымен таныстыру, танымал әндерін насихаттау.

ә/дамытушылық: оқушылардың орындаушылық шеберлігін дамыту;

б/тәрбиелік: Ш.Қалдаяқовтың әндері арқылы эстетикалық тәрбие беру, оқушылардың ән өнеріне қызығушылығын арттыру, музыкалық талғамын қалыптастыру.


1-жүргізуші: Қазақ ән өнерінің тарихында өшпестей із қалдырған, халқымызға ғажайып әсем әндерін сыйлап кеткен, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, Қазақстанның халық артисі, сазгер Шәмші Қалдаяқов (шын аты-Жамшид) 1930 жылы 15-тамызда Шымкент облысы(қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы), Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Оның өнерге келер жолы ұзақ болады. Орталау мектепті бітіргеннен кейін ол малдәрігерлік техникумда, одан кейін әскери училищеде білім алады. Бірақ өнерге деген құштарлық оны Ташкент қаласындағы музыкалық училищеге алып келеді. Сонда оқып жүргенде ол қазақтың көрнекті әншісі Жамал Омарова апаймен кездеседі. Ол кісі Шәмшіні Алматыға алып келіп, консерваторияға орналастырады (1956ж).

2-жүргізуші: Шәкең консерваторияда А.Жұбанов, Л.Хамиди сынды музыка мамандарынан дәріс алады. Сол кездері жазған «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Қайықта», «Қайдасың» т.б. әндері көптің көңілінен шығып, Шәмшінің аты бүкіл қазақ даласына лезде жайылып кетеді. Бұл әндер халқымыздың рухани азығына айналды. Шәмші ағамыздың әндері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін, мәңгі өлмейтін әндер. Қазақ халқы тұрғанда оның әні тұрады, есімі мәңгі ұмытылмайды. Біз Шәмші ағамыздың рухына бас иеміз.


1-жүргізуші: Шәкеңнің туған жері Қызылқұм ауданы, сол арада ағып жатқан Арыс өзенінің суына шомылып өскен Шәкең осы әнді арнаған екен. Бүкіл қазақ халқы іліп әкеткен әсем әнді радиоға өткізу өте қиынға түседі. Ондағылар: «Басқа әндеріңе ұқсас. Вальс екен»,-деп қабылдамай қояды.Бұл әнді Е.Хасанғалиев пен Н.Нүсіпжанов екеуі дуэт етіп дайындап, жазғызады. Бұл ән тек радио қызметкерлерінің күшімен ғана эфирге шыққан екен.

Ән: «Арыс жағасында» сөзі М.Шахановтікі.


2-жүргізуші: Боямасы жоқ бірегей, қоспасы жоқ мөп-мөлдір, еркін де ерке наз, сырлы да сұлу саз...Ол Айдын нұры, Күннің сәулесі сынды. Жүректің ең жұмбақ иірімдерін қозғайды, ең ізгі, ең шынайы сезімдерді оятады. Осында ғой Шәмшінің құдіреті! Сол арқылы ол соңына өлмес мұра қалдырып кетті. Қылаудай кінәсі жоқ таза көңілін, туған елге, жерге деген періште сезімін паш еткен әні, айдай әлемге айқара ашылған кіршіксіз жаны Шәмшіні халқының мәңгілік махаббатына бөледі. Өзі өмірден өткенімен әндері әлдилеп жүр бізді: тұнықтығымен, шынайылығымен, өмірдің өзіндей табиғилығымен...

«Кешікпей келем деп ең...» сөзі М.Шахановтікі.

1-жүргізуші: Шәмшінің композиторлық атағы шартарапқа шарлап кеткенде, оның анасы жазылмастай ауруға ұшырап, Алматыдағы Шәмшіні шақыртады: «Балам, жас кеттім демеймін, жазмыш маған келінді көруді, немере сүюді бұйыртпапты, жалғыз тілегім – сен аман бол! Салған әнің айтылмай жатып үзілмесін, ол әнің ұзаққа кетсін! Бақыл бол балам!» - деп соңғы сөзін айтады. Сонда Шәмші өмірдегі ең жақын, ең асыл адамнан мәңгілік айырылғалы тұрғанын сезіп, қалай өксіп жылап жібергенін өзі де сезбей қалады. «Апа, қарыздармын саған, сенің басыңа кесене орнату қолымнан келе қоймас, бірақ саған әсем әннің ең сұлуы, ең нәзігінен ешқашан ұмыт болмайтын ескетркіш қалдырамын!» Бұл 1957 жылдың 4-қыркүйегі еді. Шәмші анасына берген уәдесін 1961 жылы орындады. Бұл ән бірнеше тілде айтылады. Моңғолиядағы қазақ мектептерінде сабақтың алдында алдымен Моңғолияның әнұранын, содан кейін осы әнді айтып барып, сабақ бастайды екен.

Ән «Ана туралы жыр» сөзі: Ғ.Қайырбековтікі

2-жүргізуші: Белгілі жазушы Ғ.Мүсірепов: «Қазақ өнерін білгісі келгендер Қастеевтің суреттерін, Қалдаяқовтың әндерін зерттеулері керек», - деген екен. Шәкең де ол кісіні өле-өлгенше сыйлап өтті. Ал әдебиетіміздің классигі саналатын М.Әуезов өзінің «Өскен өркен» атты романында Шәкеңе арнап ғажап ілтипат білдірген екен. Ол қазақтың өнерпаз қыздары Ғ.Жұбанова, Р.Бағлановаларға арнайы ән жазған екен.

Ән: «Ақ бантик» сөзі: М.Шахановтікі


1-жүргізуші: Зымырап өтіп бара жатқан уақыт... Содан бері 60 жылдай өтіпті. Кезінде Шәмшінің «Қайықта» атты ғажайып әні ойда жоқта жарқ ете қалған сәтте Алматының жастары табан астында дүрк көтеріліп, әсем әуез құшағында жұмыр жерді қойып, көк жүзіне қалықтап тұрып алғандай еді. Сол жастардың көбі қазір немере-шөбере сүйген ардақты ата мен әже болғанымен, осы әнді елжірей жырлағандары әлі күнге естерінде болар-ау. Өнерпаздың бақыты деген осы емес пе?!

Ән: «Қайықта» сөзі: Н.Әлімқұловтікі

2-жүргізуші: «Жаным менің жаралы,

Тарттым талай жаланы,

Қайғы ішкен жылдарым,

Жылап өтіп барады»,-деп Мұқағали ағамыз жырлап кеткен ғой. Ақын аға өмірден еш қызық көрмей, өкінумен өтті. Ол қайтыс болғаннан кейін 16 жыл өткесін оның аты бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Шәкең де Мұқағали мен тағдырлас, мұңдас, сырлас дос болған. Мұқағали өлеңдері қазақ поэзиясының шыңы деп бағаланса, Шәмші әндері қазақ әнінің биік шыңы деп бағаланды. Қазақ деген халықтың ұрпақтары тұрғанда екеуінің аты да, қалдырған баға жетпес мұрасы да өшпек емес. Шәмшінің тамаша әндерінің бірі –

«Әнім сен едің...» сөзі: Т.Молдағалиевтікі


1-жүргізуші: Шәмші де өзгелер секілді қоғамның қасіретін бастан кешті. А.Жұбановтың кезінде Мәскеуге, Бішкекке қашқаны секілді, Шәмші өмірінің көбін астананың салтанатты сарайларында емес, ел ішінде өткізді. Сыймайтын емес еді-сыйғызбады. Арнау әндерінің өзі асылға айналды. Ол тапсырыспен ән жазғызатын жоғары жаққа, яғни номенклатураға бағынбады, сондықтан да бақытты, сондықтан да жалғыз еді. Жүз әнін жүз күн талмай шырқасаң да жалықтырмайтын, жүз жылда бір туатын Шәмшілерді жалғыз демей, не дейсің?

Ән:«Тамды аруы» сөзі: Қ.Мырзалиевтікі


2-жүргізуші: «Ән ішіңнен шыққан баламен тең, олардың өз тарихы, тағдыры бар. 1959 жылы консерваториядан шығып алып, ауылға қайтуды ар санап жерлес жастардың үйінде ән айтып жатыр екен. Біраз тұрған соң менің де қаным қызып, арқам озып, жанымда тұрған жігіттің қолындағы гитарасын алып, жаңа шығарған бір әнімді ойнап бердім. Бұған таңданған олар: «Жігіт, мынауың керемет ырғақ қой, жарайсың, тағы, тағы»,-деп қоймады. Содан олар мені Сайран өзенінің жағасындағы мекеніне қонаққа шақырды. Кешке табор шатырларының алдында от жағып, қазан көтеріп, өнер мерекесі болды. Мен олардан қалыспай ән айттым. Күндіз ұйқы, түнімен ән, олармен екі ай өтті.


1-жүргізуші: Күзде олар жылы жаққа қоныс аударатын болды, мен не істерімді білмей састым, олар: «Шәмші, бірге жүр, сендей адам бізге керек, қалаған қызыңды ал!» деп қолқа салды. Тәтті қиялға берілмей, есімді жиып, Алматыда қалуды жөн көрдім. Бірақ көпке дейін көңілді сығандар ортасын аңсап, кейде түсімде солармен бірге ән салып, сыған әуенімен тербеліп оянатын болдым. Сәл болмағанда мына ағаң сыған болып кете жаздаған. Сол достарыма деген сағыныштың арқасында «Сыған серенадасы» әні өмірге келген еді»,-дейді Шәкең естелігінде. Бұл ән 40 жылға жуық бағын ашатын орындаушысын таппай нота күйінде ән кітаптарында жатты. Тоқтар Серіковтың тамаша орындауының арқасында бұл ән тыңдармандардың жүрегіне жол тауып, халықтың аузынан түспеді.

Ән:«Сыған серенадасы» сөзі: Қ.Мырзалиевтікі


2-жүргізуші: Ән де,адам секілді өз тағдырымен туады.Жақсы орындайтын әнші болмаса,қандай ән болса да оп-оңай қор болады.Шәкеңнің «Сыр сұлуы» әні осындай жағдайға душар болды.1963 жылы Қызылордада ән-би ансамблі құрылып,Алматыдан Шәмшіні шақыртып,осы ансамбльдің жалауы етіп айтатын ән жазғызады. «Сыр сұлуы» әнін алғаш рет Қызылорда облысының белді қызметкерінің қарындасына айтқызамыз деп әнді «өлтіріп» алды. Елден ұялып,Шәмші Қызылордадан кетуге асықты. 9 ай өткен соң,сәтін салып бұл ән Ришад Абдуллиннің орындауында қайта «тіріліп»,құлпырып,бүкіл республиканы шарлап кетті.

Ән «Сыр сұлуы» сөзі:З.Шүкіровтікі


1-жүргізуші: Жамбыл(қазіргі Тараз) қаласының түбінде дүнгендер колхозында Шәмші үй салуды бастайды.Бірақ не дұрысырақ жалақысы,не қаламақысы жоқ Шәмшінің жиған –тергені ескі «Жигулиіне» гараж және болашақ үйінің қаңқасына ғана жетіп,құрылыс тоқтап қалды. Композитор деген дардай аты болмаса,өмірі рахат емес,мехнат болған қазақтың аяулы азаматының талантын берсе де,сізге тағдырын бермесін! Енді сол кездерде жазылған

«Дүнген қызы» /сөзі:С.Асановтікі/ әнін тыңдайық.


2-жүргізуші: Әр әннің өз тарихы бар.Ол кез Мәскеу басшылығы Ақмоланы Целиноград атап,Қазақстанның солтүстіктегі 5 облысын бір өлке етіп, Ресейге бермекші еді. Соның алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның 3 ауданы Өзбекстанға берілген болатын.Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажет еді.

«Менің Қазақстаным» әні солай туған екен.Бірақ кейбір компартия өкілдері: «Әніңде Партия, жеті жылдық жоспар туралы ештеңе айтылмапты, сен партияға қарсысың ба?»,-деген соң Шәкең әңгімені қисайтып алмайын деп,амалсыздан:

Жеті жыл жоспары,

Жеті қыр асқаны,

Думанды бастады,

Қазақтың жастары,-деген жолдарды қосқан соң ғана ән радиоға жіберілген екен.

Бұл Шәкеңнің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығы еді.

1-жүргізуші: Бұл әнді Шәкең «Елімнің әнұраны болады»-деп білген екен. 1986 жылғы

16- желтоқсанда бостандық аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңына осы әнді айтып шыққан еді.Жастардың арманы орындалып,Қазақстан тәуелсіздігін алды,егемен мемлекет болды.Қазақ халқының бодандықтан босануына Шәмші әнінің осылай септігі тиді.

Хор «Менің Қазақстаным»,сөзі Ж.Нәжімеденовтікі


2-жүргізуші: Атақ-даңқ дегеніңіз онын түсіне де кірмеді. Ол осындай бір шартты ұғымның бар екенін білді, біле тұра соны қажетсінбеді. Ол тек қана өнер, таза өнер төкті. Зейнетке шыққанда не дұрыс атағы жоқ далада қалғандай болды.Атақты реттейтін,еңбекті елейтін ел ағалары бар ғой деп ойлайтын.Олардың күндіз-түн Мәскеуге қарап «ұлып» отырғанын қайдан білсін,қайран ШӘКЕҢ! Абырой болғанда,қайтыс боларына 60 күн қалғанда,аурухана кереуетінде жатқанда «Қазақстанның халық артисі» деген атақ берілді.Шәмшіге атақ та,даңқ та –бәрі өзі келді.Ол ұлықтардан есік пен төрдей мәшине сұрамады да,үй де салмады.Ол барақат өмірді әннен іздеді,әннен жанына сая тапты.

Оның әрбір әні дүниеге келген күн қазақ халқы үшін мереке болды.

Ән:«Өмір-өзен» сөзі: М.Шахановтікі


«Шәмшінің хаты» /Шәмші рөліндегі оқушы шығады/:

«Мені Шәмші деп сыйлайтын қымбатты бауырларыма:

Мен 60 жыл өмірімнің ішінде қазақтың небір ұлы азаматтарымен сырлас, достас, дастархандас болдым. Небір өкінішті, өткір күндерім де соларға аян. Былтыр 1990 жылы 60-қа толғаныммен не Композиторлар одағына мүше емеспін, не дұрыс зейнетақы, ат-атағым жоқ, өзім науқас, айдалада қалған шағымда солардың ешқайсысы да мені іздеген жоқ. Мен туралы бір ауыз сөз, жылы лебіз де білдірмеді. Мұқағали секілді мен де бұл дүниеден таршылық, жоқшылықпен өтіп барамын. Міне, осындай кезде менің қасымнан Оразбек Бодықов табылды. Республикалық «Жас Алаш» газеті арқылы дабыл көтеріп, өзінің тік мінезіне басып, менің мүшел тойымды Шымкент, Жамбыл, Алматыда өткізуге себепкер болды.

... Мен басқа ешкімге айтпаған сырымды Оразбекке айттым. Мен не нәрсеге қолым жетсе де, не нәрсені арман ғып өтсем де, Орекең бәрінің куәсі болды. Соларды ол қағазға түсірді. Жасы 70-ке қарай кеткен Орекең де талай қорлық көріп жүр. Мен туралы шығарма үшін де талалайлардан таяқ жеуі мүмкін.

...Менің көптеген сырларымды, ойларымды, армандарымды айналайын халқыма Оразбек досым жеткізер деп сенемін.

Шәмші Қалдаяқов. Қараша айының 7-ші жұлдызы, 1991 жыл»

1-жүргізуші: Шәкең өмірінің соңғы үш жылында қасынан қалмай, қуанышы мен күйінішіне куә болған сенімді сүйеніші бола білген нағыз жанашыр досы Оразбек Бодықов-жазушы. Ол кісі Шәкең өмірінен «Ш.Қалдаяқов. Хикаяттар» атты кітап жазып, рухани үлкен ескерткіш орнатты.Шәмші ағамыз 1992 жылы 29-ақпанда Алматы қаласында дүниеден озды.

Біз кетіп, дүниеде Шәмші қалар,

Атағын талайлардың ән шығарар,

Асылын, аман болса, әлі-ақ ұрпақ,

Жеті қат жер астынан аршып алар!

Ән: «Қайдасың» өлеңі: Н.Әлімқұловтікі


2-жүргізуші: Шәмші тек композитор ғана емес,бата беруге де өте шебер болған.Бір ғажабы-оның берген баталары бір-біріне ұқсамайды екен.Осындай біртуар қазақтың ұлы адамының баталарының біреуін сіздерге біз берейік:

«Шәмшінің батасы» /Шәмші рөліндегі оқушы шығады/:

Көргенің рахат болсын,

Жүрген жерің рабат болсын.

Екі тойың қабат болсын,

Дастарханың берекелі болсын.

Әр күнің мерекелі болсын.

Шайың қызыл болсын,

Ғұмырың ұзын болсын,

Несібең таса берсін,

Дұшпаның қаша берсін!

Шаңырағың Кремль –сарайындай биік болсын!

Босағаң –Ақсақ Темірдің дарбазасындай берік болсын!

Беттеріңе түскен әжім-қасірет табы емес,

Шаттық күлкінің ізі болсын! Әумин!!!

Ән: «Отырардағы той»» сөзі: С.Асановтікі


1-жүргізуші: Шәмші Шәмші болғалы өтті небір замандар,

Бірін-бірі күндеумен өтіп жатыр адамдар.

Қулар менен зұлымдар өмір сүре біледі,

Қай заманда болса да,солар ғана күледі.

Мұқағали,Шәмшілер тірі шақта шіркін-ай,

Қошеметін қазақтың көрмеді ғой бір күн-ай,

2-жүргізуші: Ештен-дағы кеш жақсы дейді қазақ бабамыз,

Егемендік алып ап,гүлдеп жатыр даламыз.

Қолымыздан келгені осы болды біздердің,

Ойыңыздан шықтық па,білмейміз біз сіздердің,

Осыменен Шәмшіні зерттеп біттік демейміз,

Жалғастырар болсаңыз,біз де сізді демейміз!

«Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу» сөзі Қ.Құрманәлиевтікі, әні И.Исаевтікі.









Пайдаланылған әдебиеттер:

Ш.Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» ән жинағы;

Қазақ композиторларының әндері-антология

О.Бодықов «Ш.Қалдаяқов. Хикаяттар» кітабы.




  • «Кешікпей келем деп ең...»
  • «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу»